Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «Нұр Отан» партиясының бұрынғы идеологы Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Осыған байланысты El Media журналисі Аян Шәріпбаев Facebook парақшасында жазба жариялап, Боқаевтың бұрынғы саяси қызметі мен оның бүгінгі жағдайына қатысты өткір пікір білдірді.
Шәріпбаевтың пікірінше, утильалымға қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген, Алматы әкімдігін ымырасыз сынаушы ретінде танылған Боқаевтың қазіргі бейнесінің тасасында ұзақ жылдар бойы сөз бостандығын шектеуге қатысып, саяси мансап құрған тәжірибелі технолог тұр.
«Бұл адам жылдар бойы Алматыдағы қуғын-сүргін жүйесінің негізгі тетіктерінің бірі болды. Тәуелсіз редакцияларды тұншықтыру ісін тікелей өзі үйлестірді, «сенім ұялатпайтын» журналистердің тізімін жасады, билік мүддесіне қызмет ететін арандатушылық әрекеттерді ұйымдастырды», – деп жазды журналист.
Шәріпбаев Боқаевтың оппозициялық көзқарастағы қоғам белсендісі ретінде таныла бастағаннан бері кезінде өз әрекетінен зардап шеккен адамдардан кешірім сұрамағанын да алға тартады.
Журналистің пайымдауынша, Боқаевтың қоғамдық белсенділігі белгілі бір шеңберден аспайды. Ол жекелеген министрлер мен шенеуніктерді өткір сынағанымен, «ескі Қазақстанның» ықпалды өкілдеріне қатысты мәселелерді айналып өтеді. Атап айтқанда, Шәріпбаев Боқаевтың «ҚазТрансГаздағы» ықтимал қаржылық заңбұзушылықтар, Дариға Назарбаеваның активтері, ЭКСПО бюджетіне қатысты даулы мәселелер жөнінде зерттеу жүргізбегеніне назар аударды. Мұндай таңдамалы сынның себебін Шәріпбаев Боқаевтың бұрынғы қызметтік байланыстарымен түсіндіреді.
Оның жазуынша, 2014 жылы Кәрім Мәсімов билікте ықпалды қызмет атқарып, ақпарат кеңістігіне бақылау күшейген тұста Боқаев Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды. Кейін Нұрлан Нығматулиннің ықпалымен қызметін жалғастырып, Президент Әкімшілігі басшысының сол кездегі орынбасары Бағлан Майлыбаевтан тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін шектеуге қатысты тапсырмалар алып отырған деп мәлімдейді журналист.
https://t.me/dalainside










