
Абай облысының Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық жасалған. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Тексеру барысында санитарлардың балалардың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оларға күш көрсеткені анықталған. Сонымен қатар кейбір қызметкерлер заңсыз әрекеттердің куәсі бола тұра, оны тоқтатуға әрекет етпеген.
📌 Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іске қатысы бар адамдар қызметінен шеттетіліп, олардың тәрбиеленушілермен байланысуына шектеу қойылды. Қазіргі уақытта тексеру жалғасып жатыр.









