
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип Алматыда өткен УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі «Қайрат» пен грекиялық «Панатинаикос» арасындағы ойынға барды.
Нидерландтық маманның бұл сапары ұлттық құрамаға шақырылатын футболшыларды жоспарлы түрде бақылау мақсатында жүзеге асты.
Құраманың бапкерлер штабы үшін футболшылардың ойынын тікелей стадионнан көрудің маңызы зор: бұл ойыншылардың қазіргі физикалық бабын, тактикалық сауаттылығын және халықаралық деңгейдегі аса қарқынды матчтарда дұрыс шешім қабылдау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Джон ван ’т Шкип ұлттық құраманың ойыншылар тізімін жасақтау үшін жан-жақты мәлімет жинай отырып, отандық футболшылардың ішкі біріншіліктегі, сондай-ақ еуропалық аренадағы ойындарын жіті назарда ұстауды жалғастыруда.
Еске сала кетейік, қараша айында Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында кезекті матчтарын өткізеді. Командамыз 13 қарашада сырт алаңда Молдовамен ойнаса, 16 қарашада Астанада Словакия құрамасын қабылдайды.










